Басты жаңалықтарРухани жаңғыруТәуелсіздік — 30

Исатай тайманұлының  кесенесі кешенге айналды

Өткен сенбі күні қобдалықтар даланың ұлы сардары, халық батыры Исатай Тайманұлының 230 жылдығын атап өтті. Қобда жұрты Исатай батырдың мерейтойын ысырапшылдыққа жол бермей, қарапайым да мазмұнды, бастысы, ел есінде қалатындай етіп өткізді.

Асқақ рухты  ақын Махамбет аға тұтып, жырына қосқан батыр Исатай Тайманұлы Ақтөбе облысының Қобда ауданында мәңгілік тыныстаған. Тарихи деректерге сүйенген ғалымдар батырдың сүйегі Шейітсай деген жерде жерленген деген тоқтамға келіп, нәтижесінде 2014 жылы сегіз қырлы кесене тұрғызған болатын. Батырлар мекенінде өткен тойға арнайы келген қонақтар алдымен батырдың кесенесіне барып тәу етті.

Ерлікке тағзым

Халықтың азаттығы мен еркіндігі жолында жанын құрбан еткен Исатайға бір уыс  топырақ батырлар мекені аталып кеткен Қобда жерінен бұйырыпты. Биіктігі — 11,5 метр, ал аумағы 68 шаршы метр болатын сегіз қырлы кесенені маңғыстаулық сәулетшілер тұрғызған. Кесене бұған дейінгі Исатай Тайманұлының аты жазылған құлпытасты бұзбай, оны ортаға қалдырып, бой көтерген. Ғимараттың маңдайына Исатай деп жазылыпты. Кесененің қабырғалары қазақи нақышта өрнектелген.

Кесене ішінде Исатай Таймановтың суреті бейнеленіп, батыр мен оның ұлы Оспанның өмір дерегі жазылған. Қабырғаларына Махамбет өлеңдерінен үзінділер жазылыпты.

Ал биыл Шейітсай қорымындағы батыр кесенесі кешенге айналды. Исатайдың сенімді серіктері, жанындағы қамқоршы қаруластары саналатын 8 батырдың есімін арнайы тақтаға жаздырып, Ақбұлақ шайқасында шейіт болған сарбаздардың рухына арналған пано дайындалды.

— Ағылшындардың тәжірибесінде «кенотаф» деген ұғым бар. Бұл — астында сүйегі болмаса да, ескерткіш белгі қойылған жер. Осы мақсатта белгілі маңғыстаулық тас сәулетінің шебері Ермұханбет Әлиев бастаған құрылысшылар Исатай Тайманұлы мен ұлы Оспанға арналған 8 қырлы кесененің бұрыштарына Жақия Исатайұлы, Қожахмет Өтемісұлы, Қабыланбай Қалдыбайұлы, Құдайберген Елемесұлы, Тінәлі Тайсойғанұлы, Сарт Еділұлы, Уса Төлегенұлы, Үбі Усаұлына ескерткіш-белгілерді орнатты. Мұндағы көздегеніміз – батыр баба рухына тағзым ете барған жандар жаугершілік заманда ел тұтастығы жолында жандарын қиған есіл ерлер есіміне қанық болып, тарих қойнауына сүңги отырып, рухтарына Құран бағыштаса деген ізгі ойдан туған тілек. Ал арнайы келген жанды әйгілі қолбасшы батырларымен бірге алыстан менмұндалап қарсы алса, рухымыз биіктей түсері сөзсіз.

Жалпы, кесене мен кешеннің жобалық авторы ретінде «Рухани әлемнің бір кілті болса екен» деген ізгі ниеттен туған ой-түйіндерім, пайымымды сараптай келе, бірнеше жобаның басын қосып, ел мен жер азаттығы үшін шейіт болған бабалар рухын жаңғыртуды көздедім. «Бұл шайқаста 80-ге жуық адам қаза болған» деген тарихшылардың деректерін негізге алып, арнайы белгі-ескерткіш орнатылды. Ал, кесененің сегізбұрышты болуының да себебі бар. Өйткені «сегіз» — математикалық символ, мәңгілік, шексіздік концепциясы. Ал Исатай бабамыздың ұлттық рухы, көтерілістің мақсаты, олардың ерліктері, ынтымағы, бірлігі мәңгілік. Көздеген меже де осы, — дейді кешеннің жобалық авторы, Мәжіліс депутаты Нұрлыбек Ожаев.

Бұл жерде құрбандық шалынып, батырдың рухына Құран бағышталды. Бұдан соң аудан әкімі Болат Құлов бастаған азаматтар тал көшеттерін екті.

Аудан әкімі өз сөзінде кешен маңында арнайы мұражай үйі салынып жатқанын, алдағы уақытта су жүргізіліп, жолы жөнделетінін айтты.

«Рухы асқақ ер Исатай»

Бұл күні Қобдадағы Исатай батырдың ескерткішіне, сондай-ақ Исатай Тайманұлы атындағы мектеп-гимназиясының ауласындағы бюстке гүл шоқтары қойылды.

Бұдан соң батыр атындағы мектеп-гимназиясында «Рухы асқақ ер Исатай» атты облыстық конференция өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, Қобда ауданының әкімі Болат Құлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Ожаев, Атырау облысы Исатай ауданы әкімінің орынбасары Нұрғайша Әбежан, исатайтанушы, мәдениет саласының үздігі, Қобда ауданының құрметті азаматы» Еркін Құрманбек, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Идош Асқар, кесенені кешенге айналдырған шебер Ермұханбет Әлиев, батырдың ұрпақтары, сондай-ақ аудандағы тарих пәнінің мұғалімдері мен жоғары сынып оқушылары қатысты.  Конференция жұмысын профессор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры Рақым Бекназаров жүргізді.

Алдымен сөз сөйлеген Бұлбұл Елеусінова тарихи маңызы зор басқосудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына ризашылығын білдіріп, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтау хатын жеткізді. Бұдан соң облыс аумағында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Конференцияда «Асқақ рух. Ұлт. Азаттық. Рух. Парыз» атты баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Нұрлыбек Ожаев Исатай батыр кесенесін салу жұмыстары қалай басталғанын айтты.

— Исатай ауданының әкімі лауазымына бекітілгеннен кейін өңір тарихын терең зерттеу – қызметтік міндетіммен қатар, азаматтық парызым екенін айқын аңғардым. Батыр бабамыздың басы қараймай жатқанына қаныққан соң, Ақтөбе облысының Қобда ауданы әкімімен байланысқа шықтым. Ақтөбеге ақсақалдардан құралған арнайы топты аттандырып, ол жақтағы батыр бейітін көзбен көріп келген соң, ауданда алқалы жиын өткіздік. Сол жерде пікір алмасып, арнайы қор құру туралы ойға келдік. Өзім бір айлық жалақымды қор шотына аудару туралы шешімімді айтып ем, мұнайшылар мен мұғалімдер, өзге де сала мамандары бір күндік еңбекақыларын ортақ қаржыға қосып, бастаманы қолдады. Осы тұста туындаған тағы бір кезек күтпейтін іс – Исатай батырдың бет-бейнесін біріздендіру. Өйткені әр жерде әртүрлі бейнеленіп, ортақ мәміле жоқтығын көрген соң антропологтар зерттеуі нәтижесінде жасақталған Қазақстан Суретшілер одағының съезінде бекітілген нұсқаға сүйеніп, батырдың бюстін жасауды белгілі мүсінші Серік Мәтениязовқа тапсырдық. Бұдан соң өңірімізге белгілі азамат, сол кездегі Исатай аудандық мәслихатының хатшысы, марқұм Жұмажан Қадимов ағамызбен бірге Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Бейбіт Мамыраевты арнайы іздеп бардық. Өйткені кесене тұрғызу үшін, ең алдымен, қолымызда құжат, яғни батырдың сол Шейітсайда жерленгені туралы ғылыми дәлелденген негіздеме қажет-ті. Сол мақсатты межеге жету жолында 2013 жылдың қараша айында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті базасында республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізуге уағдаластық. Жоспарланған уақыт келгенде тарих ғылымдарының докторы, академик, марқұм Хисмет Табылдиевтің төрағалық етуімен Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе қалаларынан 18 тарихшы ғалыммен бірге өңіріміздегі исатайтанушылар мен батыр ұрпақтары, өлкетанушылар қатысқан ауқымды шара өтті. Осылайша жиын қорытындысы негізінде 1836-1838 жылдары болған ұлт-азаттық көтерілістің қолбасшысы Исатай Тайманұлының жерленген жерін Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы Шейітсай қорымы деп тану туралы қаулы қабылданды. Нәтижесінде 2014 жылдың 20 қарашасында Исатай батыр мен ұлы Оспанға алыстан менмұндалап көрінетін ақкүмбезді айшықты кесене бой көтерді, — деді Нұрлыбек Ожаев.  

Сондай-ақ ол елінің еркіндігін аңсаған Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы туралы тарихи-танымдық, ғылыми кітаптар шығару, жаңадан деректі фильмдер түсіріп, олардың ерлігін күллі елге паш ету – ұрпақ парызы екенін айта келе,  батыр бабамыздың 230 жылдығы қарсаңында Исатай Тайманұлының есімі әскери құрамаға берілсе деген ұсыныс жолданғанын айтты.  Бұдан бөлек «Халық батыры – Исатай Тайманұлы» атындағы марапаттар тағайындауға ұсыныс дайындалыпты.

«Исатайдың бейнесін мәңгілік өлмейтіндей етіп жазған адам — ол Махамбет» деген

Еркін Құрманбек, асқақ рухты ақынның 20 өлеңінде Исатай есімі аталатынын айтады.

— Академик, тарихшы Манаш Қозыбаев: «Исатай мен Махамбет — егіз. Олар ғажайып бірлікті, ерлікті, елдікті білдіретін біртұтас тарихи тұлғалар. Бірінсіз екіншісі жоқ. Күш пен рухтың символы. Рух пен күштің біріккен жері — ғажайып ерлік. Ту ұстаған көтерілістің көсемі Исатай — дүлділ, Махамбет — көтерілістің дауылпаз жыршысы, ұраны. Махамбет — бұлбұл. Ендеше Исатай батырдың тұлғасын даралап алып қарап, оның парасатын, тектілігін, аңғалдығын, халықпен біте қайнаған бірлігін, Махамбетпен достығын таразылайтын уақыт та жетті, — деп тұжырым жасаған, — деді исатайтанушы Еркін Құрманбек.

Конференция барысында батыр туралы тың деректер мен тұжырымдамалар айтылды. Оның есімінің әрі қарай ұлықталуы, кейінгі ұрпақ жадында мәңгілік сақталуы тұрғысында жасалуы қажет жұмыстар барысы сараланды. Алдағы уақытта Исатаймен бірге көтеріліске қатысып, қаза тапқан 80 батырдың есімін анықтап, сол жерге тақта орнатып жазу керектігі туралы ұсыныс жасалды.

Шара барысында аудан әкімі Болат Құлов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Ожаевқа «Жомарт жүрек» сыйлығын табыстап, қатысқан барлық спикерлерге алғысын білдіріп, кәдесыйлар тарту етті.

Ақындар ерлікті жырлады

Қобдада Исатай батырдың 230 жылдығына орай облыстық ақындар айтысы өтті.  Өңірдің түкпір-түкпірінен келген аузы дуалы ақындар батырдың ерлігін өз жырларына қосып, Тәуелсіздігіміздің мерейлі 30 жылдығына жырдан шашу шашты.

«Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» атты облыстық ақындар айтысына барлығы 10 ақын қатысып, мерейтой қонақтарына әсерлі айтыс сыйлады.

Қобда жұрты аламан айтысты сағынып, шөлдеп қалыпты. Санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізген жыр додасын көруге келгендер қатары көп болды. Қазылар алқасының шешімімен айтыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Айболат Көшкінбай иеленді. Бас жүлдеге ие болған ақынға 500 мың теңгенің сертификаты, бірінші орынды иеленген ақын Зылиқа Наурызалинаға 300 мың теңге, екінші орынды алған Қайырхан Жұбаниязовқа 200 мың теңгенің сертификаты табысталды. Аламан айтыстың үшінші орны мен 100 мың теңгесін Нұрбол Жауынбаев қанжығасына байлады. Сондай-ақ барлық қатысқан ақындарға арнайы диплом мен 50 мың теңгенің сертификаттары табысталды.

Ауданда айтыс өтпегелі 5 жыл өткен екен. Біздің аудан ел аузында «батырлар мекені» деп аталып кеткен. Қобда — батыр ұл-қыздарды дүниеге әкелген киелі мекен. Бүгін ауданымызға келген ақындар елге дәнін сеуіп кетті деп білеміз. Алдағы уақытта біздің жерден де мықты ақын-жыраулар шығады деген сенімдеміз, — деді аудан әкімі Болат Құлов.

Сондай-ақ батырдың 230 жылдық мерейтойы аясында аудан орталығында волейболдан облыстық турнир өтті. Спорт кешенінде өткен финалдық ойында «Қобда» командасы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Екінші орынды ақтөбелік «Ұлан» командасы иеленсе, үшінші орын ырғыздықтарға бұйырды. Жарыс жеңімпаздарына  арнайы кубокпен қатар, ақшалай сыйлықтар табысталды.

Дүбірлі кеш аясында «Сынтас» жастар театры «Ер Исатай» спектаклін қойды.

Мәжіліс депутаты Нұрлыбек Ожай айтқандай, батырдың мерейтойы тойланып, кесенесінің кешенге айналуы — бірдің емес, бірліктің жемісі, елдің жеңісі.

Пікір-пайымы бір арнаға тоғысқан топтың іргелі істерінің еңселі кесене алып кешенге айналды. Патриоттық рух шалықтап, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық айтулы іс тындырылды. Батыр баба рухы риза болғай!

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button